Басқарма ережесі

Алматы қаласы әкімдігінің

2019 жылғы «4» ақпан № 1/84

қаулысына 1-қосымша

 

 

«Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы

Ереже

 

 

1. Жалпы ережелер

 

  1. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Алматы қаласының аумағында қоғамдық даму саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

2. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы және басқа да заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне және басқа да нормативтік құқықтық актілерге, Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларына, Алматы қаласы әкімінің шешімдері мен өкімдеріне және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі егер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіпте Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделген шешімдер қабылдайды.

7. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

8. Орналасқан жері: 050001, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 4.

9. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекеменің толық атауы:

мемлекеттік тілде: «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

орыс тілінде: Коммунальное государственное учреждение «Управление общественного развития города Алматы».

10. Осы Ереже «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

11. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

12. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

13. Егер «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қолданыстағы заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

 

 

2. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің пайымы, мақсаты, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

 

14. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің пайымы – қоғамдық сананы жаңғырту мен азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және одан әрі арттыруға ықпал ету, жалпыұлттық және рухани-адамгершілік құндылықтарға басымдық беру, серіктестік пен сенім қағидаттары негізінде қоғамды нығайту және топтастыру.

15. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мақсаты – әлеуметтік оптимизмді арттыру, реформаларды жүзеге асыруда әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық ынтымақтастықты қамтамасыз ету, азаматтық бірегейлікті, конфессияаралық келісімді нығайту.

16. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеттері:

  1. партиципаторлы қарым-қатынас жүйесінің, «Рухани жаңғырудың» және тарихи сананың басым құндылықтарын қоғамда ілгерілету және нығайту арқылы азаматтарды реформаларды іске асыруға белсенді қатыстыру;
  2. халықтың әлеуметтендіруге мұқтаж топтарын қалалық қауымдастыққа біріктіру;
  3. әлеуметтік маңызды мәселелерді мемлекеттің, бизнес пен азаматтық қоғам институттарының мүмкіндіктерін біріктіре отырып шешу жолдарын қарастыру;
  4. консультативтік-кеңестік платформаларды кеңейту және жетілдіру арқылы қоғам мен үкіметтің мүдделерін үйлестіру және сенім деңгейін арттыру;
  5. кері байланыс тәжірибесін дамыту арқылы халықтың қатысу деңгейін арттыру;
  6. азаматтық қоғам институттары және қоғамдық пікір көшбасшыларының тиімді өзара әрекеттестігі мен рөлін күшейту арқылы мемлекеттік органдардың жауаптылығын арттыру;
  7. қоғамда зайырлы негіздерді, толеранттықты нығайтуға, бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық конфессияаралық үлгісін насихаттауға бағытталған мәдениетті қалыптастыру;
  8. Алматы қаласы аумағында Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру;
  9. өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.

17. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің функциялары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес анықталады:

  1. азаматтық қоғам институттарын қатыстыра отырып ұйымдастырушылық-практикалық іс-шаралар арқылы мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар мен құжаттарды түсіндіру және ілгерілету;
  2. қазақстандық қоғам үшін дәстүрлі құндылықтарды ілгерілету, азаматтардың патриоттық және әлеуметтік жауапкершілік сезімін нығайту бойынша ақпараттық шаралар кешенін ұйымдастыру;
  3. әлеуметтендіруге мұқтаж азаматтарды ұйымдастырушылық, консультативтік-әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсету бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру;
  4. қаланың даму мәселелері бойынша әлеуметтік зерттеулер жүргізу,  бұқаралық ақпарат құралдарын мониторингтеу жолымен қоғамдық пікірді талдау арқылы әкімдік жұмысын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу;
  5. қоғамдағы бейәлеуметтік және деструктивті мінез-құлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-консультативтік, психологиялық-құқықтық көмек жүргізу арқылы халықтың түрлі топтарын бейімдеу, қайта әлеуметтендіру, оңалту және топтастыру үшін жағдай жасау;
  6. мемлекеттік органдардың бизнес және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы бойынша үш жақты келісімдерді қоса алғанда бағдарламалық құжаттарды әзірлеу және іске асыру, бойынша
    ұсыныстар енгізу;
  7. әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстарын жинақтау және талдау;
  8. қоғамдық-саяси және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар мен азаматтардың мүмкіндіктерін біріктіру, сонымен қатар халықтың әл-ауқатына төнетін қауіпті анықтау және кешенді бағалау мақсатында мониторинг, талдау, болжау және практикалық ұсыныстар,  тетіктер мен шешімдер әзірлеу;
  9. қаланың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу және талқылау үшін диалог алаңдарын ұйымдастыру;
  10. қызметі билік пен қоғам мүдделерін үйлестіруге бағытталған консультативтік-кеңесші органдарды құру және оның тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
  11. азаматтарды және азаматтық қоғам институттарын қала дамуының тақырыптық күн тәртібін, енгізіліп жатқан бастамалар мен инновацияларды анықтауға және талқылауға, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігі мен патриотизм сезімін қалыптастыруға тарту жұмысын ұйымдастыру;
  12. бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық күн тәртібін ұйымдастыру жөніндегі жұмысты үйлестіру;
  13. мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қаланың өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру кампанияларын жоспарлау, әзірлеу және іске асыру;
  14. заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып «кері байланыстың» барынша тиімді және озық тәжірибесін талдау және енгізу;
  15. жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қоғам өкілдерімен өзара іс-әрекетін үйлестіру, олардың қатысуы мен әріптестігінің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  16. ҮЕҰ мен басқа да азаматтық қоғам институттарының құзыреті мен дағдыларын арттыруға қолайлы жағдай жасау;
  17. дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру, мемлекеттің зайырлы негіздерін нығайту бойынша іс-шаралар кешенін ұйымдастыру;
  18. діни бірлестіктердің қатысуымен консультативтік-кеңесші органдардың қоғамдағы конфессияаралық келісімді нығайтуға, толеранттық қағидаларын, диалог пен құқықтық мәдениетті қамтамасыз етуге бағытталған жұмысын ұйымдастыру;
  19. діни сенімдегі адамдар арасында отандық зайырлы, оның ішінде теологиялық білім беру ұйымдарында білім алудың маңыздылығын дәріптеу бойынша іс-шаралар өткізу;
  20. деструктивті діни ағымдардың идеологиясына мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру жұмысын ұйымдастыру;
  21. сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, ашықтығын, жылдамдығы мен қол жетімділігін және тиімділігін арттыру мақсатында бизнес-процестерді цифрландыру;
  22. мемлекеттік қызметтерді алушылардың қанағаттанушылығын арттыру мақсатында ашықтық және есептілік қағидаттарына сәйкес қызмет көрсету;
  23. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін көпшілікке тарату, мемлекеттік рәміздердің қолданылуын ретке келтіруді ұйымдастыру және бақылау;
  24. адами әлеуетті және гендерлік теңдікті дамыту, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер және отбасы-гендерлік саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясымен өзара әрекет жасасу;
  25. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы  заңнамасын бұзатын жеке және заңды тұлғалардың қызметіне тыйым салу бойынша құқық қорғау органдарына ұсыныстар енгізу;
  26. дін мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет көрсету;
  27. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес хаттамалар толтыру;
  28. өз құзыреті шегінде ақпараттық сипаттағы іс-қимылдар кешені арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сақтау және нығайту бойынша қажетті шараларды қабылдау;
  29. коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелерге қатысты басқару органының функциясын жүзеге асыру;
  30. жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, сондай-ақ коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарын құру;
  31. жергілікті атқарушы органның атынан акционер ретіндегі мемлекеттің акционерлік қоғамды (жауапкершілігі шектеулі серіктестікті) басқаруға қатысу құқығын іске асыру;
  32. мемлекеттің қатысуымен коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жұмыс істеуі мен оларды басқару тиімділігінің мониторингін ұйымдастыру және жүргізу;
  33. акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) алған таза табысын бөлу туралы шешімнің уақтылы қабылдануын және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекетке тиесілі акцияларға (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) арналған дивидендтерді (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысының бір бөлігің) жалғыз акционер (қатысушы) шешім қабылдаған күннен бастап он күн ішінде аудару;
  34. акционерлердің (қатысушылардың) жылдық жалпы жиналыстарын өткізу кезінде акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) таза табысының бір бөлігінен жергілікті атқарушы органмен белгіленген мөлшерлерде дивиденттерді (табысты) төлеуге бағыттау үшін шалалар қабылдау;
  35. жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың орналастырылатын акцияларына төлем жасауды және Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ақша енгізу жолымен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына салымды, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталында үлесі бар коммуналдық мүлікті, оның ішінде акционерлік қоғамдардың акцияларын енгізуді жүзеге асыру;
  36. акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) акционерлердің (қатысушылардың) жалпы жиналысына акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) директорлар кеңесіне (байқау кеңесіне) тағайындау үшін кандидатура ұсыну және жалғыз акционері (қатысушысы) мемлекет болып табылатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) директорлар кеңесін (байқау кеңестерін) жергілікті атқарушы органдарымен келісу арқылы қалыптастыру;
  37. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

18. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құқықтары мен міндеттері:

1) Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихаты бекітетін бағдарламалардың жобаларын дайындауға қатысуға;

2) Басқарманың құзіретіне кіретін мәселелер бойынша қала әкімдігінің қаулыларын, өкімдері мен актілерінің жобаларын дайындауға;

3) қала әкіміне жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық даму саласындағы қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;

4) реформалар бағыттарын, басқа да мемлекеттік бағдарламалық құжаттарды насихаттау мен түсіндіру барысы туралы қала әкіміне аналитикалық анықтаманы әзірлеу жөніндегі жұмысты үйлестіруге;

5) барлық қоғамдық-саяси, мәдени-бұқаралық, ақпараттық ойын-сауық іс-шараларға қатысуға;

6) тиісті ұсыныстарды әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құруға, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар қызметкерлерін Басқарма құзыретіне кіретін мәселелерді дайындауға тарту, өз функцияларын орындауға қажетті ақпаратты, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдар мен азаматтардан белгіленген тәртіпте сұрауға;

7) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 56 бабымен белгіленген тәртіпте сотқа талап-арызбен өтініш білдіруге;

8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады.

 

 

3. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы»

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметін ұйымдастыру

 

19. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне басшылықты басшы жүзеге асырады, ол «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттер мен функцияларының жүзеге асырылуын дербес жауапкершілікте болады.

20. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы Алматы қаласының әкімінің өкімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

21. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

22. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының өкілеттігі:

1) «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің барлық жұмысын ұйымдастырады және басқарады және «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттер мен функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауапкершілікте болады;

2) «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі өзінің орынбасарлары мен бөлімдері бастықтарының міндеттерін және өкілдіктерін белгілейді;

3) «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапкершілікте болады;

5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

6) қолданыстағы заңнамамен белгіленген тәртіпте «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін ынталандыру, тәртіптік жаза қолдану бойынша шаралар қабылдайды;

7) «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылымын және оның бөлімдері туралы ережелерді бекітеді;

8) өз өкілеттігі шегінде бұйрықтар шығарады;

9) «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда өкілдік етеді;

10) қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

23. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мүлкі

 

24. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолданыстағы заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

«Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүліктен, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүліктен (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

25. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

 

5. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы»

коммуналдық мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

 

27. «Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.