Алматыда Бостандық ауданы тұрғындарымен есептік кездесу өтті

31 қаңтар 2020 жыл

Алматы қаласында Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетовтың тұрғындармен есептік кездесуі өтті. Кездесуге Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, сонымен қатар қалалық мәслихаттың депутаттары, әкімдік басқармалары мен аудан қызметтерінің басшылары қатысты.

 

Кездесу барысында ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылды. Мәселен, есептік кезең ішінде 216 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. 2019 жылы 24 көшенің жолдары жөнделді.

Әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдарды дамытуға жете назар аударылуда. 195 орынды бала бақша құрылысы аяқталды, мектеп жасына дейінгі ұйымдарда тағы 120 орынды іске қосу бойынша жұмыстар жүруде. Ағымдағы жылы Бостандық ауданында 3 амбулатория ашылатын болады. Сонымен қатар, мектептерде қосымша 900 оқушы орнын пайдалануға беру жоспарлануда.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өткен жылы «Жасыл Алматы» жобасын жүзеге асыру аясында 8 мыңнан астам ағаш көшеттері және жасыл қоршаудың 12 мың бұтақтары отырғызылды. Биылғы жылы аудан аумағына 10 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

Бұлардан өзге, қалаға қосылған аймақтардағы 53 көшеге жарық жүргізілді.

Тұрғындармен кездесу барысында абаттандыру, қоғамдық көлік, халықты еңбекпен қамту, жауапсыз мердігерлер және басқа да мәселелер көтерілді. Айтылған барлық проблемалар аудан басшылығының жеке бақылауына алынды.

Еске салсақ, Алматыда ағымдағы жылдың 27 қаңтарынан 10 ақпан аралығында аудандардың барлық әкімдерінің есептік кездесулері өтуде. Диалог форматында өтетін есептік кездесулер халықты толғандыратын проблемаларды анықтауға және «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы қағидаттарына сәйкес бар мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.