Алматының барлық аудандарында жарықтың өшетіні туралы ақпарат жалған

1 ақпан 2020 жыл

Электр беру желілеріндегі жөндеу жұмыстарына байланысты Алматы қаласының барлық аудандары электр энергиясынан жаппай ажыратылуы мүмкін деген хабарламалар шындыққа жанаспайды.

 

Жалған ақпараттың таралуына «Алматыэнергосбыт» ЖШС сайтында орналастырылған кестенің дұрыс түсіндірілмеуі себеп болды. Бұл кестеде қаланың белгілі бір бөлігін электр жарығынан ажыратпай электр беру желісіндегі жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүру мүмкіндігі туралы хабарланған.

Яғни, үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етіп, жарық беру сапасын жақсарту үшін жүргізілетін мұндай жұмыстар кезінде кейбір объектілер тоқтан уақытша ажыратылады. Бұл тек нақты учаскенің тұтынушыларын электрмен қоректендірудің өзге көзіне ауыстыру мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана жүзеге асады. Электр желілеріндегі жоспарланған жөндеу жұмыстары сымдарды бөгде заттардан тазартудан, оларды ішінара ауыстырудан және басқа да жұмыстарды қамтиды. Әдетте мұндай жұмыстарды «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ның бригадалары 1,5-2 сағаттың ішінде орындайды. Жөндеу жұмыстарын жүргізу кестесі сайтта апта сайын нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес орналастырылады. Тұтынушылар электр энергиясына қатысты туындаған барлық сұрақтарына тәулік бойы жұмыс істейтін 356-99-99 және 399-99-00 көпарналы телефон нөмірлеріне хабарласып, біле алады.

 

Алматы қаласының энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы