«Бұл – біздің ортақ тарихымыз. Абай өзінің жүрегін халыққа арнады» – алматылықтар ұлы ойшыл мүсінінің ашылуына қатысты пікірлерін білдірді

6 ақпан 2020 жыл

Бүгін ағартушы, ойшыл, қазақ даласының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы құрметіне орай Абай мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

 

Мүсін Жетісу ауданы әкімдігі ғимаратының жанына қойылды. Салтанатты шараға Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген, танымал ақындар, жазушылар, абайтанушылар қатысты.

«Абай – қазақ халқының ең ұлы ақындарының бірі. Ұлы ойшылдың ескерткіші жанынан өтіп бара жатқан әр адам оның еңбектерін еске алады және оны әрі қарай дамытатын болады. Әрине, біз Абай сияқты бола алмаймыз, бірақ Абай салған ізгі жолды одан әрі жалғастыра аламыз. Егер біз өз бабаларымызды ардақ тұта алмасақ, онда ешқандай рухани даму болмайды», - деп атап өтті Жетісу ауданының әкімі Мақсат Қиқымов.

Аудан тұрғындары сәулеттік жаңа мүсіннің ашылуына қатысты өз қуаныштарын білдірді.

«Бұл – біздің ортақ тарихымыз. Ұлы ойшыл тек этникалық қазақтарға ғана емес, бәрімізге ортақ, біз де түпкілікті тұрғындармыз. Біз өз батырларымыз бен тұлғаларымызды білуге тиіспіз. Бүл - баланы патриоттық рухта тәрбиелеудің озық өнегесі. Абай өзінің жүрегін тарихқа және халқына арнады. Ол – халықтың қадір тұтқан ақыны», - деді аудан тұрғыны Ольга.