Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов: «Абай халықты діні және мәдениетімен сақтап қалуға жол тапты»

6 ақпан 2020 жыл

Алматыда ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы қарсаңында ақын мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Абайтанушылар, ақындар, танымал, жазушылар қатысқан іс-шарада, мемлекет және қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, Абай еңбектерінің құндылығына тоқталды.


«Қиын-қыстау кезеңдерде халық Абайдың әндерін орындап, сөздерін жүректерінде сақтады, оның сөздері, әндері халықпен бірге болды. Абай ұлы адам, ол халықтың құтқарушысы, себебі XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында ауыр кезеңді өткерген «Зар заман» ақындары да XX ғасырдың қиын болатынын білді. Абай да білді, алайда оның кемеңгерлігі сол, ол халықты мәдениеті мен, тілімен, әдебиетімен, дінімен сақтап қалуға жол таба білді. Осы тұсынан қарасақ, Абай шынымен халқын құтқарған, сирек кездесетін тұлға», – деді Мұрат Әуезов ұлы ақын мүсінінің ашылу рәсімінде.
Мүсін Жетісу ауданындағы «Гүлдер» саябағына орнатылды. Мүсіннің авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинашев.
«Абайдың мүсінін жасау үшін суретші Абайдың түлғасын рухани мойындауы керек. Тамаша туынды. Осы жылы осы толқынмен және келешекке деген жақсы үмітпен көптеген кинотуындылар жасалады деп ойлаймын. Біз еліміздің ұлы тұлғаларына лайықты бағасын берген кезімізде, өнердің құны артып, үміт оты жанады», – деді Мұрат Әуезов.
Абай Құнанбаев – қазақ ақыны, композитор, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушысы, қазақ мәдениетінің реформаторы және оның алғашқы классигі.