Алматының әуежайына COVID-19-ға қарсы дәрі-дәрмек препараттарының кезекті партиясы келді

17 шiлде 2020 жыл

Мегаполиске 16 шілдеде, кешкісін Үндістаннан жалпы салмағы 10 тонна болатын медикаменттер тиеген ұшақ келіп қонды. Ал 17 шілде күні, түнде Ресей Федерациясынан қажетті дәрі-дәрмектер тиеген ұшақ келіп жетті.

 

Алматы әкімдігінің қаланы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету жөніндегі үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаевтың хабарлауынша, Ресейден жеткізілген дәрі-дәрмектер арасында балалар мен үлкендерге арналған парацетамол, амоксиклав, меропенен және басқа да өте қажет дәрі-дәрмектер бар екен. Жалпы, 1 135 000 бірліктегі дәрі-дәрмектер жеткізілді.

 

Үндістан мен Ресейден жеткізілген жүк қаланың дәріхана желісін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін дистрибьюторлық компанияларға тиесілі.

 

Қала әкімінің тапсырмасы бойынша препараттарды дереу рәсімдеу және сертификаттау бойынша барлық жағдайлар жасалған. Дәрілердің еш кедергісіз жеткізілуі қатаң бақылауға алынған. Бұдан өзге, Алматыда дәрі-дәрмектерді жеткізушілерге пайызсыз несие бөлу бойынша 5 миллиард теңге бөлініп, тұрақтандыру қоры құрылғаны белгілі.

 

«29 маусымда ірі фармкомпаниялармен, дәріханалар желісімен меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат негізінде қажет дәрі-дәрмектер дер кезіне жеткізілуде. Халыққа керек препараттар тізбесі кеңеюде. Біздің алдағы жоспарымыз – қаланың барлық дәріханаларын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету», – деді З. Сәлімбаев.

 

«Фармацевтикалық компаниялар қызметкерлері күрделі кезеңде тәулік бойына жұмыс жасауда. Айта кетерлігі,Алматы әкімдігі жеткізушілерге жан-жақты көмек көрсетуде. Түрлі әкімшілік кедергілер дер кезінде жойылып, көлікпен қамтамасыз ету және басқа да шаралар шұғыл іске асуда. Мегаполис басшылығы фармкомпаниялар,медикаменттер өндірушілер өкілдерімен үнемі байланыста», - деп атап өтті З. Сәлімбаев.

 

Жақын күндері қалаға үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмектер тиеген кезекті рейстер келетін болады. Айдың соңына дейін шамамен 6,5 млн қаптамадағы қажетті препараттар жеткізіледі деп күтілуде.

 

З. Сәлімбаев Ресейден келген жүктің гуманитарлық емес екенін айтты. Мұндағы дәрі-дәрмектер қала дәріханаларына бөлініп беріледі.

 

«Интернетте гуманитарлық препараттардың сатылғаны туралы жалған ақпараттар тарауда. Бұл шындыққа жанаспайды. Өйткені,гуманитарлық көмек ешқашан жеке дәріханаларға берілмейді, ол тек мемлекеттік ауруханаларға ғана бөлінеді», - деп атап өтті ол.

 

Еске салсақ, бұрындары Алматыға Ресейден 55 тонналық дәрі-дәрмектер екі рейспен жеткізілген еді. Бұл шамамен 3 млн қаптама, мұнда әлеуметтік маңызы бар 10-нан астам дәрі-дәрмек түрлері бар, оның ішінде қызуды түсіретін және COVID-19-ға қарсы препараттар. Яғни, тізімде азитромицин, цефтазидим, ибупрофен, фраксипарин, метронидазол, цефтриаксон, гепарин, нимесулид, левофлоксацин, меропенем порошогы, эноксапарин-бинергия және басқа препараттар болды.