Алматыдағы барлық аурухана мен емханада интеграцияланған біртұтас жасанды интеллект қызмет түрі пайда болады

29 шiлде 2020 жыл

Алматыда біртұтас интеграция қызметінде 7 мың КТ және  рентген зерттеулері, 4 млн астам КТ кесектері (қиықтары) сақталған. Бұл туралы қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев пен IMedHub жобасының жетекшісі Рената Ахмад онлайн-брифинг барысында айтты.

 

Бұл жерде радиологиялық және басқа да зерттеулер түрлерін сақтайтын медициналық мұрағат жайлы сөз болып отыр. Қазіргі уақытта қойманың жұмыс бастағанына 3 айдан астам уақыт болды. Бүгінде мұрағатта 7205 рентген және КТ  зерттеулері және 4 млн астам КТ кесектері бар.

«Біздің мұрағатты қолданатын  барлық дәрігерлер тек өз ауруханасына ғана емес, басқа да медициналық мекемелердің зерттеулеріне еркін қол жеткізе  алады. Біз рентген арқылы  өкпе ауруын анықтайтын интеграцияланған жасанды интеллект қызметін ұсынамыз. Осы бағытта жұмысты жалғастырып,  басқа да ауруханаларды қамту жұмысын кеңейтетін боламыз. Алдағы уақытта  бүкіл Қазақстан бойынша қызметті енгізуді жоспарлап отырмыз», — дейді Рената

Дәрігерлер құралдың көмегімен, науқастың емделу барысында жасаған рентген кескіндерін салыстыра отырып, емдеу қарқынын көре алады. Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, емханаларға, ауруханаларға және жеке медициналық мекемелерге қызметті қосу арқылы жобаны әрі қарай кеңейту жоспарлануда. Өтінішті медициналық мекемелер imedhub.org веб-сайтында қалдыра алады.